Денсаулық сақтау министрлігі ауыл тұрғындары үшін «онлайн медицина» пилоттық жобасын іске қосты

Халықтың, соның ішінде ауылдық және шалғай аймақтардағы тұрғындардың сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Онлайн медицина» пилоттық жобасын іске қосты.
Жобаның басты мақсаты — қашықтық пен мамандар тапшылығына байланысты кедергілерді еңсеру үшін телемедицина технологияларын енгізу.
Жоба еліміздің сегіз өңірін қамтиды: Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары және Астана қаласы. Оған әртүрлі деңгейдегі 100 медициналық ұйым қатысуда. Жобаның үйлестірушісі – Салидат Қайырбекова атындағы Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығы.
Күтілетін нәтижелер:
• ауылдық өңірлердегі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру;
• консультациялар мен емдеуді күту мерзімін қысқарту;
• халық денсаулығы көрсеткіштерін жақсарту;
• тұрғылықты жеріне қарамастан медициналық қызметтерге тең қолжетімділік.
«Онлайн медицина» жобасын енгізу денсаулық сақтау жүйесінің цифрлық трансформациясындағы маңызды қадам болмақ. Бұл ауыл тұрғындарына өз ауданынан шықпай-ақ, білікті медициналық көмекке, соның ішінде дәрігерлердің консультациясына және тексерулерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.