
Соңғы жеті айдың ішінде елордалық №2 көпсалалы балалар ауруханасында 500 мың теңгеден астам сомаға ондаған тегін оталар жасалды. Мұндай жоғары технологиялық медициналық көмек астаналықтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қолжетімді болды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
№2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы – елордадағы балаларға мамандандырылған хирургиялық көмек көрсететін жалғыз медициналық ұйым. Мұнда оториноларингология, нейрохирургия және ортопедия саласындағы күрделі әрі жоғары технологиялық операцияларды қоса алғанда, медициналық қызметтердің толық спектрі ОСМС аясында көрсетіледі.
Жоғары технологиялық операциялар мультидисциплинарлық дәрігерлер тобының қатысуын, заманауи жабдықтар, импланттар мен инновациялық емдеу әдістерін қолдануды талап етеді. Мұндай араласулардың құны миллиондаған теңгеге жетсе де, кішкентай науқастар үшін олар толықтай тегін жүргізіледі.
Ауруханада балалардың есту қабілетін қалпына келтіретін кохлеарлық имплантация жасалады.
2024 жылы стационар жағдайында осындай 108 операция 827 миллион теңгеге жуық сомаға орындалды. Ал соңғы жеті айда – 68 операция 536 миллион теңгеден астам қаржыға жасалды.
Нейрохирургия саласында мұнда бас сүйек жарақаттары, ісіктер мен туа біткен патологияларда қолданылатын арнайы пластиналар арқылы күрделі операциялар жасалады. Олар зергерлік дәлдікті, дәрігерлердің бірегей біліктілігін және қымбат жабдықты қажет етеді. Мұндай араласулар өмірді сақтап қана қоймай, ауыр мүгедектікке жол бермейді. Сонымен қатар, дәрігерлер нейронавигация мен нейромониторингті пайдалана отырып, ми ісіктеріне ота жасайды.
2024 жылы мұндай 39 операция 68 миллион теңгеге жасалса, ағымдағы жылдың соңғы жеті айында – 21 операция 38 миллион теңгеге орындалды.
2024 жылдың соңында ауруханада жаңа медициналық қызмет – жамбас-сан буынын эндопротездеу енгізілді. Дәрігерлер алғашқы операцияларды 4,6 миллион теңгеге жуық сомаға жасады.
«Бүгінгі таңда біз жамбас-сан буынын ауыстыру бойынша 7 ота жасадық. Бұл протездерді бізге қор сатып әперді. Ал емдеудің өзі әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен жүргізілді. Балалар ортопедиясында бірнеше бағыт бар, олардың ең қымбаты – онкопротездеу, ол денсаулық сақтау министрлігі тарапынан сатып алынады. Сонымен қатар, біз микрохирургиялық операцияларды орындаймыз, олардың құны шамамен 800 мың теңгені құрайды. Жыл соңына дейін жамбас-сан буынын ауыстыру бойынша тағы үш ота жоспарланған», – деді ортопедия бөлімінің меңгерушісі Агабек Чикинаев.