Сенат депутаттары «Дамушы елдерді ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы конвенцияны (№131 Конвенция) ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің қорытындысында атап өтілгендей, бұл құжат әлеуметтік диалогтың құқықтық негізін нығайтуға және Қазақстанның ең төменгі жалақыны айқындау жөніндегі қолданыстағы тәсілдерін халықаралық деңгейде бекітуге бағытталған.
— Ең төменгі жалақыны белгілеу тәртібі Үкімет немесе уәкілетті орган арқылы жүзеге асырылады. Бұл процеске қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өкілдері қатысады, ал белгіленген ең төменгі еңбекақы деңгейін сақтау міндетті, оны бұзған жағдайда тиісті шаралар қолданылады, — деді сенатор Әсем Рахметова.
Халықаралық еңбек ұйымының Конвенциясы мүше мемлекеттерге барлық жалдамалы қызметкерлер санаттары үшін ең төменгі жалақыны белгілеу жүйесін енгізуді міндеттейді.
Бұл ретте экономикалық факторлар мен қызметкерлердің қажеттіліктері ескерілуі тиіс, әлеуметтік әріптестік тараптарының қатысуы қамтамасыз етіледі және еңбекақы төлеуде кемсітушілікке жол берілмейді.
Комитеттің атап өтуінше, заңның қабылдануы қаржылық шығындарға алып келмейді және қандай да бір теріс саяси немесе экономикалық салдарға себеп болмайды.
Конвенцияны ратификациялау Қазақстанның Халықаралық еңбек ұйымы алдындағы міндеттемелерін орындауға бейілділігін растайды және ең төменгі еңбекақыны белгілеу кезінде әлеуметтік әділдік пен экономикалық негізділіктің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді.