Түркістан облысында 24 жастағы мүгедектігі бар ер адамның дәрменсіз халін пайдаланып, оны зорлаған үш туыс сотталды.
Келес аудандық соты олардың әрқайсысын тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті және жәбірленушіге өтемақы төлеуге міндеттеді.
Тергеу барысында анықталғандай, биыл ақпанда айыпталушылардың бірі пайдакүнемдік ниетпен туысының үйіне заңсыз кіріп, 41 мың теңге ұрлаған.
Осы қылмыспен шектелмей, ол үйде жалғыз болған 24 жастағы ер адамның дәрменсіз жағдайын пайдаланып, жыныстық сипаттағы зорлық әрекеттерін жасаған.
Бірнеше күннен кейін оған тағы екі туысы қосылып, алдын ала келісім бойынша жәбірленушінің дәрменсіз күйін қайта пайдаланып, ұқсас қылмыс жасаған.
— Мемлекеттік айыптаушы үшеуін де кінәлі деп танып, әрқайсысына тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Айыпталушы Б. кінәсін ішінара мойындап, зорлау айыбы бойынша ақтауды сұраған. Қалған екі айыпталушы өз кінәсін мойындамай, ақтау үкімін шығаруды өтінген, — деп хабарлады Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Жәбірленушінің өкілі қатаң жаза қолдануды және сотталғандардан 15 миллион теңге моральдық өтемақы өндіруді сұраған.
Сот барлық айыпталушыларды кінәлі деп танып, әрқайсысына тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ сотталғандардан 5 миллион теңге өтемақы өндірілді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Жәбірленушінің анасы шағым түсіру ниетін білдірсе, қорғау тарапы да істі қайта қарауды талап ететінін мәлімдеді.
Бұған дейін Ақтауда «отбасылық қайыршылық схемасы» әшкереленген еді: әйел екі ұлымен бірге мүгедектігі бар адамдарды еркінен тыс ұстап, оларды қайыр сұрауға мәжбүрлеген.