Гонконгте өткен пауэрлифтингтен Азия чемпионатында Қазақстанды тек кәсіби спортшылар ғана емес, өз саласының қарапайым мамандары да таныстырды.
Азия біріншілігінің жүлдегерлерінің бірі – «Энергоремонт» Өндірістік-жөндеу кәсіпорнында бұғаттау арматурасын жөндеу учаскесінің бригадирі, алтыншы разрядты слесарь Олег Пекущев.
2025 жылғы Гонконгтегі Азия чемпионатында жоғары бәсекеге қарамастан, стендтік пресс спорт түрі бойынша Олег жапондық әлем чемпионы Гото Такашиден ғана қалып, 83 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлде иегері атанды. Оның нәтижесі – 200 килограмм. Абсолюттік есепте қазақстандық спортшы үшінші орын алды.
— Азия чемпионаты қатысушы елдер мен спортшылар саны бойынша рекордтық деңгейде өтті, бұл барлық салмақ дәрежелерінде бәсекені күшейтіп, нәтижелерді арттырды. Ең мықты командалар Жапония мен Қазақстан болды, — деді Олег Пекущев.
Олег Пекущев 2018 жылы Дубайда өткен Азия чемпионатының алтын жүлдегері болған. 2019 жылы Алматыда өткен Азия чемпионатында ардагерлер арасында стендтік пресс және штангамен отыру бойынша жүлдегер атанды. Сондай-ақ оның қоржынында 2022 жылғы стендтік пресс спорт түрінде әлем чемпионатының күмісі бар.
Балалық және жасөспірім шағында Пекущев грек-рим күресімен кәсіби айналысып, жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы Қазақстан чемпионаттарының чемпионы әрі жүлдегері болған, әлем чемпионаттарына екі рет қатысқан. Ол Қазақ спорт және туризм академиясын аяқтаған.
Жарақат салдарынан күрескерлік мансабын ерте аяқтауға мәжбүр болды, кейін бұғаттау арматурасын жөндеу мамандығын игеріп, жұмыс істей жүріп жоғары оқу орнын тәмамдап, «Автомобиль шаруашылығы инженері» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды.
Алайда спортқа деген қызығушылығы уақыт өте қайта оралды. Негізгі жұмысымен қатар Пекущев пауэрлифтингпен айналысып, тағы да жоғары нәтижелер көрсете бастады.