2025 жылдың басынан бастап мүгедектік топтарын белгілеу үшін медико-әлеуметтік сараптаманы қашықтан жүргізу пилоттық жобасы аясында Қазақстанның барлық өңірінен 99,6 мыңнан астам өтініш қаралды. Қазіргі уақытта қашықтан сараптама 50-ден астам нозологиялық форма бойынша жүргізілуде.
2024 жылы қашықтан форматта 96,9 мыңнан астам өтініш қаралған, бұл мүгедектікке қатысты сараптамадан өткен жалпы адамдардың 37,4%-ын құрайды.
Бұрын хабарланғандай, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасау, оларды органдар арасында жүру мен қағазбастылықтан қорғау, сондай-ақ қызмет көрсетуші мен қызмет алушы арасындағы тікелей байланысты азайту туралы тапсырма берген болатын.
Осы тапсырманы орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Денсаулық сақтау және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп барлық 20 өңірде медико-әлеуметтік сараптаманы қашықтан жүргізу пилоттық жобасын іске асыруда.
Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер Ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.
Қашықтан сараптаманың артықшылықтары:
— әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;
— МСЭ сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
— мүгедектік топтарын белгілеу және әлеуметтік қорғау шараларын алу мүмкіндігін үйден шықпай жүзеге асыруға мүмкіндік береді;
— қызмет алушы мен қызмет көрсетуші арасындағы тікелей байланысты болдырмай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.