ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде вице-министр Виктория Шегайдың төрағалығымен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесінің жұмыс тобының отырысы өтті. Отырыс ортопедиялық аяқ киіммен қамтамасыз ету тетігін жетілдіруге арналды. Негізгі мақсат — қызмет сапасын арттыру, талаптарды стандарттау және әлеуметтік қолдау саласында цифрлық құралдарды кеңінен қолдану.
Отырысты аша отырып, Виктория Шегай мәселенің маңыздылығын атап өтті:
«Ортопедиялық аяқ киім — жай ғана бұйым емес, бұл мүгедектігі бар адамдардың денсаулығына, қозғалу мүмкіндігіне және өмір сапасына тікелей әсер ететін оңалту құралы. Біздің міндетіміз — көмектің осы түрін уақтылы және сапалы ұсынуды қамтамасыз ету, әртүрлі оқылымдарды болдырмайтын және процестердің ашықтығын арттыратын бірыңғай стандарттар мен цифрлық құралдарды енгізу», — деді ол.
Отырыс барысында ортопедиялық аяқ киіммен қамтамасыз етудің қолданыстағы тәсілдері, техникалық және клиникалық аспектілер, бұйымдардың экономикалық параметрлері, сондай-ақ ортопедиялық аяқ киімді Ұлттық тауарлар каталогына енгізу мүмкіндігі қаралды. Тапсырыстарды қалыптастыру, бұйым сипаттамаларының дұрыстығы және өндірушілердің Әлеуметтік қызметтер порталымен өзара іс-қимылына қатысты практикалық мәселелер талқыланды.
Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының өкілдері қазіргі жағдайға талдау жасап, процесті оңтайландыру бойынша ұсыныстарын ұсынды. Атап айтқанда, тауар карточкаларының сапасын арттыру, техникалық талаптарды біріздендіру және цифрлық сервистерді одан әрі жетілдіру қажеттігі айтылды.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері ортопедиялық аяқ киімді Ұлттық тауарлар каталогына енгізу бұйым сипаттамаларының бірізділігін қамтамасыз етіп, рәсімдердің ашықтығын және қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Болашақта цифрлық теңгені пайдалану көрсетілетін қызметтердің сапасын жедел бақылаудың қосымша тетіктерін қалыптастырады.
Сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар нормативтік және техникалық аспектілерді одан әрі пысықтау мүдделі мемлекеттік органдармен қосымша талқылауды және келісілген шешімдер қабылдауды талап ететінін атап өтті.