Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, Бішкекте өткен тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшыларға арналған Азия пара шахмат чемпионатының жеңімпаздарын қарсы алу рәсімі Астана халықаралық әуежайында өтті.
Елордалық жеңімпаз спортшыларды әуежайда қалалық «Елорда» спорт клубының директоры Азамат Тагаев, клуб қызметкерлері, достары және отбасы мүшелері жылы шыраймен қарсы алды.
Айта кету керек, Бішкекте өткен ауқымды жарысқа бірнеше елден шамамен 30 спортшы қатысты.
Бұл Азия чемпионатында астаналық спортшылар жақсы нәтижелер көрсетіп, Қазақстанның намысын абыроймен қорғады. Бақытжан Майкенов классикалық, рапид және блиц жарыстарында жеңіске жетіп, үш дүркін Азия чемпионы атанды. Айғаным Қамбарова рапид және блиц бойынша күміс, ал классикалық жарыста қола медаль жеңіп алды. Спортшылардың жаттықтырушысы Зиняткыз Нүсіпбаева жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, Қазақстан құрамасы турнирдегі ең үздік команда болғанын мақтанышпен мәлімдеді. Ол сондай-ақ шәкірттерінің жоғары жетістіктерін ерекше атап өтті.