Оның айтуынша, заңнама талаптарын ырықтандыру жүзеге асырылуда.
«Салалық нормативтік құжаттарда халықтың мобильділігі төмен топтары үшін қолайлы орта құру жөніндегі талаптар қосымша белгіленді. Атап айтқанда, қолжетімділік жағдайларын жасау үшін тұрғын үйді қайта жоспарлау тәртібі жеңілдетілді (көршілермен келісу қажеттілігісіз), жобалық құжаттамада қолжетімділік бойынша жеке бөлім қарастырылған, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен салынатын тұрғын үйлерде мүгедектігі бар адамдарға бейімделген пәтерлердің үлесі кемінде 5% болуы көзделеді», – деді ол.
Үкімет тарапынан тұрғын үй мәселелерін шешу үшін мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылған.
«Қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде I және II топтағы мүгедектігі бар 63 мыңнан астам адам және мүгедектігі бар балалары бар шамамен 26 мың отбасы тұр. Оларға тұрғын үй алу кезінде басымдық беріледі», – деп атап өтті вице-министр.
Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік қолдаудың бірқатар тетіктері іске асырылуда:
коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана беру;
жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын ұсыну;
жеке сектордан жалға алынатын тұрғын үй ақысының бір бөлігін субсидиялау;
ипотекалық қарыздар бойынша бастапқы жарнаны жабуға тұрғын үй сертификаттарын беру.
2025 жылдың қорытындысы бойынша 7,8 мың азамат жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Оның ішінде I және II топтағы мүгедектігі бар 1 036 адам және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 469 отбасы бар.
15 сәуірде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова қайталама тұрғын үй нарығына арналған ипотека бойынша жаңа мөлшерлемелердің енгізілуін түсіндірді. Өзгерістер 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.