Астанадағы «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорында «Азаматтардың құқықтары мен міндеттері: тепе-теңдік пен жауапкершілік» тақырыбында қоғамдық талқылау өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға «Бақытты шаңырақ» қорының қамқорлығындағы ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, сондай-ақ елордалық бастамашыл топтар қатысты.
«Биылғы наурыз айынан бастап Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша елорда тұрғындарының бастамашыл топтарын қолдау жобасын іске қостық. Жоба аясында «Бақытты шаңырақ» қорына қарасты мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға, сондай-ақ бастамашыл топтарға арналған семинарлар, шеберлік сабақтары мен кездесулер өткізіп келеміз. Сонымен қатар олардың жобаларын дамыту бойынша тұрақты түрде кеңес береміз. Бұл кездесуде әрбір азаматтың қандай құқықтарға ие екені және оларды қалай жүзеге асыруға болатыны талқыланды», — деді «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры басшысының орынбасары Шынар Жанатаева.
Қоғамдық талқылаудың сарапшысы, «Ұлттық құндылықтар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділхан Дүйсебек жаңа Конституция негізінде азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ол қоғамның дамуы үшін әрбір азамат атқаруы тиіс міндеттерді атап өтті.
«Дәрісімді үш негізгі бағыт бойынша құрдым: құндылықтар, қағидаттар, құзыреттер. Біріншіден, адам құқықтары мен міндеттерін құндылық ретінде бағалау қажет деп санаймын. Одан кейін оларды жүзеге асыру қағидаттары қарастырылады, сол арқылы шешім қабылдау тетіктері қалыптасады. Қорытындысында қазіргі қоғамда адамдар қандай қабілеттер мен қасиеттерге ие болуы тиіс екенін айқындаймыз. Біздің қоғам үшін ең маңыздысы — азаматтық және әлеуметтік жауапкершілік. Бұл заңды құрметтеу, қоғамдық тәртіпті сақтау, ата-бабадан қалған адамгершілік қағидаттарды ұстану, әр адамның өз іс-әрекетіне, отбасысы мен балаларының алдындағы жауапкершілігі дегенді білдіреді. Осы қарапайым қағидаттарды елемеу қоғамда түрлі жағымсыз салдарға алып келеді», — деді Әділхан Дүйсебек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.