Цифрлық қолжетімділік туралы дүниежүзілік хабардарлық күніне орай Yandex Qazaqstan компаниясы көру, есту, сөйлеу және қозғалу ерекшеліктері бар адамдарға арналған компанияның 17 сервисінің мүмкіндіктері туралы айтты.
Компания арнайы жобаны іске қосып, онда қызметтерді пайдалану сценарийлерін жинақтады — бағыт құру мен таксиге тапсырыс беруден бастап кітап оқу мен фильм көруге дейін.
Yandex Qazaqstan сервистері қолданушыларға түрлі өмірлік жағдайларда күнделікті міндеттерді шешуге көмектеседі. Мысалы, Таксидегі арнайы опциялар арқылы көлікті табуға көмек сұрауға, мүгедектігі бар жандар арбасымен болатынын немесе сапардың басқа ерекшеліктерін алдын ала көрсетуге болады — бұл мүмкіндіктер 1,5 миллионнан астам рет қолданылған. Яндекс Разговор сервисінде пайдаланушылар сөйлеуді мәтінге айналдырып, хабарламалар арқылы байланыса алады — бір жыл ішінде сервис көмегімен 31 мыңнан астам диалог өткен. Ал Қазақстандағы Яндекс Браузер қолданушыларының кем дегенде жартысы бір қолжетімділік баптауын қосады.
Компания сервистердегі инклюзияны жүйелі түрде дамытып келеді: жаңартуларды қолжетімділік стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан тексеріп, шешімдерді денсаулық ерекшеліктері бар адамдармен бірге тестілейді. Мұндай тәсіл пайдаланушылардың нақты қажеттіліктерін ескеретін технологияларды жасауға мүмкіндік береді. Кейбір шешімдер уақыт өте келе бастапқыда жоспарланғаннан әлдеқайда кең қолданысқа ие болуда.
Транспорт және мобильділік
Яндекс Go сервисінде денсаулық ерекшеліктері бар пайдаланушылар Такси сапарлары үшін арнайы опцияларды таңдай алады: «Көлікті табуға көмектесіңіз», «Тек мәтін арқылы сөйлесемін», «Мүгедектігі бар жандар арбасымен боламын», «Сөйлемеймін, бірақ естимін». Жүргізуші жолаушыны қалай қарсы алып, қалай көмектесу керектігі туралы нұсқаулықты алдын ала алады. 2023 жылы іске қосылғаннан бері таксидегі арнайы мүмкіндіктерді 124 мың бірегей қолданушы пайдаланып, олар 1,5 миллионнан астам сапар жасаған.
Такси сервисі есту қабілеті бұзылған жүргізушілер үшін де бейімделген: дыбыстық хабарламаның орнына жарық сигналы қолданылады, ал жолаушы сапар ерекшеліктері туралы алдын ала ескерту алады. Сервис мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда Яндекс Go платформасымен 1525 есту қабілеті жоқ және есту қабілеті нашар жүргізуші серіктестік орнатқан. Олар ай сайын 150 мыңнан астам сапар орындайды.
Қолжетімді қала
Яндекс Карталар бағытты алдын ала жоспарлауға көмектеседі. Қазақстанның 2400-ден астам елді мекеніндегі 80 мың ұйымның картасында пандус, лифт, автоматты есік сияқты қолжетімділік туралы мәліметтер көрсетілген. Алматы мен Астанада жаяу бағыттарды құру кезінде алгоритмдер 4500-ден астам баспалдақ пен пандус туралы деректерді ескеріп, ең ыңғайлы жолды ұсынады. Бұл мүмкіндік қозғалысы шектеулі адамдарға ғана емес, арбамен жүретін ата-аналарға да пайдалы.
Ақпараттың қолжетімділігі және байланыс
Қазіргі таңда компанияның 16 сервисі экрандық қолжетімділік бағдарламаларымен жұмыс істеуді қолдайды: Яндекс Go, Карталар, Алиса AI, Браузер, Кинопоиск, Яндекс Кітаптар және басқалары. Мұндай бағдарламалар экрандағы ақпаратты дауыстап оқып, көру қабілеті бұзылған пайдаланушыларға интерфейсті есту арқылы қабылдауға көмектеседі. Кейбір сервистерде қосымша мүмкіндіктер де бар. Мысалы, Яндекс Браузердегі нейрожелі экрандық қолжетімділік бағдарламалары үшін суреттердің сипаттамасын автоматты түрде жасай алады, парақтағы мәтінді дауыстап оқып, компьютер арқылы сайттарда видео көрген кезде субтитрлерді генерациялайды.
Алиса көру, сөйлеу және қозғалу ерекшеліктері бар адамдарға күнделікті міндеттерді дауыс арқылы шешуге көмектеседі: ақпарат іздеу, ақылды үйді басқару, музыка мен аудиокітаптарды қосу. Технология сөйлеу ерекшеліктері бар пайдаланушылардың, соның ішінде кекештену, церебральды сал ауруы, инсульт салдары және жарақаттары бар адамдардың сұраныстарын таниды. Сөйлеуді тану моделін оқытуға 300-ден астам адам қатысты.
Яндекс Разговор есту ерекшеліктері бар адамдарға еститін адамдармен қарым-қатынас жасауға көмектеседі.
Бір жыл ішінде қосымшаны 2,5 мыңнан астам қолданушы пайдаланып, 31 мыңнан астам сөйлесуді бастаған. Қосымша сөйлеуді мәтінге айналдырып, терілген хабарламаларды дауыстап оқиды. Сервис орыс және қазақ тілдерінде қолжетімді.
Ойын-сауық сервистері
Кинопоиск сервисінде 50-ден астам фильм мен сериал тифлокомментарийлермен — көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған әрекеттер, мимика және экрандағы жағдайды сипаттайтын аудиосуреттеумен қолжетімді. Тағы шамамен 80 жоба саңырау және нашар еститін көрермендерге арналған SDH-субтитрлермен жабдықталған: олар диалогтарды ғана емес, кім сөйлеп тұрғанын, қандай дыбыс немесе музыка естілетінін де көрсетеді. Яндекс Кітаптар сервисінде аудионұсқасы жоқ 120 мың кітаптың кез келгенін виртуалды диктордың көмегімен тыңдауға болады.