Астанада Халықаралық балаларды қорғау күні дәстүрлі түрде ересектерге де, балаларға да қызықты мазмұнды әрі жарқын іс-шаралармен атап өтіледі. Биылғы жыл да бұл дәстүрден тыс қалмайды. Елорда мерекеге ерекше дайындалып, барлық бағдарламаны жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше бағытқа бөлді. Бұл мүмкіндігінше көп бала мен жасөспірімді қамтуға жол ашады.
Мерекелік бағдарлама алты блоктан тұрады. Әр блок белгілі бір жас санатындағы балалардың қызығушылығына сай әзірленген.
Алғашқы «Бесік әлемі» блогы үш жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған.
1 маусым күні Жастар саябағында дәстүрлі «Арба FEST» арбалар шеруі өтеді. Президент саябағында қонақтар еңбектеп жүретін сәбилер арасындағы «Шапшаң бөбек» спорттық жарысын тамашалай алады. Сондай-ақ қала саябақтарында «Бақыт мекені» отбасылық фотозоналары мен «Бала әлемі» дамыту ойын алаңдары ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Бағдарламаның екінші «Балапан әлемі» блогы 3–6 жас аралығындағы балаларға арналған. 25 мамыр мен 1 маусым аралығында кішкентай астаналықтар үшін танымдық әрі ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылып, оларға суда, көшеде және интернетте өзін қауіпсіз ұстау ережелері қарапайым тілмен түсіндіріледі.
1 маусымда III Халықаралық клоундар фестивалі өтеді. Сағат 12:00-де фестиваль қатысушылары «Бәйтерек» монументінен «Хан Шатыр» СОО қарсысындағы Ғашықтар саябағына дейін шеру жасайды. Ал сағат 17:00-де Амфитеатрда фестиваль әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді.
Сол күні сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін қалалық емханаларда балаларға арналған стоматологиялық профилактикалық тексерулер бойынша Ашық есік күні ұйымдастырылады.
Мерекелік бағдарламаның үшінші блогы – «Білім мен арман әлемі» – 7–10 жас аралығындағы балаларға арналған.
30 мамыр күні сағат 11:00-де Жерұйық-2 саябағында («Достық үйінің» артында) «Бақытты шаңырақ» қоғамдық бірлестігі ерекше балаларға арналған «Бақытты бала» мерекелік іс-шарасын өткізеді.
1 маусым күні сағат 12:00-де «Кирпичный» тұрғын алабында дәстүрлі «Көңілді старттар» басталады. Бір сағаттан кейін осындай іс-шара Өндіріс тұрғын алабында да өтеді.
Сағат 15:00-де «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында балалар сән көрсетілімі ұйымдастырылады.
Сағат 10:00-де №64 мектеп-лицейінде «Балалар көзімен әлем» атты ашық аспан астындағы шығармашылық байқау өтеді.
Сол күні Техникалық және көркем шығармашылық орталығында балалар жұмыстарының көрмесі мен «Баршаға қуаныш сыйлаймыз» шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Сонымен қатар сағат 10:00-де Қалалық алаңда концерттік бағдарлама өтеді.
Төртінші «Жас өркен» блогы 11–14 жас аралығындағы балаларға арналған.
25 мамыр мен 1 маусым аралығында күн сайын сағат 11:00-де Орталық саябақта, Президент саябағында және «Жетісу» саябағында «БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ҮШІН» іс-шарасы өткізіледі. Оның аясында балаларға суда, көшеде және интернетте қауіпсіздік ережелері, жарақаттар мен қауіпті жағдайлардың алдын алу жолдары түсіндіріледі.
29 мамыр күні сағат 16:00-де Есіл жағалауындағы Амфитеатрда «Жасыл ел» жазғы еңбек маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
25–31 мамыр аралығында қалалық Полиция департаменті балаларға кинологиялық орталыққа экскурсиялар ұйымдастырады.
Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында сағат 10:00-де «Bala energy» Open-air фестивалі басталады. Сол уақытта «АРҚА ALAN» ұлттық спорт түрлерін дамыту орталығында «Ethno Games АрқаLan» фестивалі өтеді.
Балаларды қорғау күніне арналған бағдарламаның бесінші блогы жасөспірімдерге бағытталған және «Болашаққа қадам» деп аталады.
1 маусымда елордада «Astana FIDA Drone Soccer Championship» халықаралық дрон-футбол чемпионаты өтеді.
Сағат 11:00-ден 15:00-ге дейін Амфитеатр сахнасында «QosymshaFest» фестивалі ұйымдастырылады.
Осы уақытта әкімдік алдындағы қалалық алаңда опера және балет театрымен бірлескен «Түрлі-түсті мозаика» байқауы өтеді.
Мерекелік бағдарламаның ең ауқымды алтыншы блогы – «Бақытты отбасы» – отбасылық құндылықтарға арналған.
28 мамыр күні Паралимпиадалық жаттығу орталығында балалар арасында спорттық-ойын-сауық жарыстары өтеді.
29 мамыр күні күні бойы MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығында «Шекарасыз денсаулық» акциясы ұйымдастырылып, салауатты өмір салты мен аурулардың алдын алу туралы ақпараттық материалдар таратылады.
29 мамыр күні сағат 11:00-де Абай даңғылындағы Жазушылар аллеясында ерекше балаларға арналған «Ұрпақтар сабақтастығы» қайырымдылық концерті өтеді. Ал 30 мамыр күні дәл осы жерде сағат 11:00-де құтқарушылар судағы қауіпсіздік бойынша шеберлік сабағын өткізеді.
30 мамыр күні сағат 10:00-де Президент саябағында «Экомамафест 2026» отбасылық іс-шарасы ұйымдастырылады.
30 және 31 мамыр күндері «Жетісу» саябағында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған «БөпеFair» балалар фестивалі өтеді.
31 мамыр мен 3 маусым аралығында елорданың алты ауданының балалары арасында «Көңілді старттар» жарысы ұйымдастырылады.
1 маусым күні сағат 09:00-де Орталық саябақтағы шаңғы-роллер трассасында Балаларды қорғау күніне арналған «Kids RUN» отбасылық спорттық шарасы басталады.
1 маусым күні Президент саябағында жас отбасылар «Отбасы – бақыт мекені» сурет салу курсына қатыса алады. Іс-шара сағат 11:00-де басталады. Бір сағаттан кейін «Ailand» отбасылық демалыс орталығында мерекелік концерт өтеді.
Сонымен қатар мереке аясында күрделі абаттандырудан өткен балалар аулаларының салтанатты ашылуы жоспарланған.
Балалар ойын және жаттығу алаңдарымен жабдықталған жаңартылған аулалар мына мекенжайларда ашылады: Республика даңғылы, 2/2; Абай даңғылы, 34, 49, 51; Ғабдуллин көшесі, 17/1; Жүргенов көшесі, 18/2; Әзербаев көшесі, 6; Қошқарбаев көшесі, 60; Күмісбеков көшесі, 7/1; Жеңіс даңғылы, 5; Ирченко көшесі, 31.
Промышленный, Интернациональный, Мичурино және Күйгенжар тұрғын алаптарындағы қоғамдық кеңістіктерде сағат 11:00-ден бастап концерттер мен балаларға арналған интерактивтерден тұратын мерекелік бағдарлама өтеді.
Сағат 11:00-ден 13:00-ге дейін Президент саябағында балаларға арналған ойындар, байқаулар мен аниматорлар қатысатын мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады.
Сағат 11:00-ден 12:00-ге дейін Қалалық алаңда «Ерекше мерекелер» қоғамдық қорымен бірлесіп ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қатысуымен мерекелік концерт өтеді. Одан кейін осы жерде «Bolashak» инклюзивті театрының сән көрсетілімі ұйымдастырылады.
Сағат 11:00-де елордада «Береке Астана» оңалту орталығының салтанатты ашылуы өтеді.
Осы уақытта Орталық саябақта, Ұлттық теннис орталығының маңында «Bala Fest» балалар спорттық ойындары фестивалі басталады.
2 маусым күні сағат 19:00-де Жастар сарайында Балаларды қорғау күніне және «Отбасылық аула клубы/Замандас» жастар коворкингі жобасының 15 жылдығына арналған шығармашылық ұжымдар мен жастардың қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді.
Сонымен қатар 1 маусымнан бастап қала бойынша мектеп жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастайды.