Астанада Балаларды қорғау күніне орай «Қайырымдылық жүректен» атты қайырымдылық концерті ұйымдастырылды. Іс-шараға ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен ерекше күтімді қажет ететін балалар қатысты.
№110 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақтоты Ахметованың айтуынша, мұндай шаралар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, олардың қоғамға бейімделуіне ықпал етеді.
«Бүгін мектебімізде қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. Осындай іс-шаралар балалардың өнерге және өмірге деген қызығушылығын арттырып, әлеуметтенуіне оң әсер етеді. Біздің мектеп 2025 жылғы 1 қыркүйекте 2661 оқушымен ашылған болатын. Қазір оқу жылын 3800 оқушымен аяқтап отырмыз», – деді ол.
«Мейірімділік М» қайырымдылық қорының төрайымы Айгүл Сейілованың сөзінше, ұйым Астанада 15 жылдан бері қайырымдылық қызметпен айналысып келеді.
«Біз жыл сайын Жаңа жыл мерекесі, Балаларды қорғау күні қарсаңында және жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде түрлі қайырымдылық шараларын өткіземіз. Бүгін Нұра ауданындағы жаңа №110 мектепте жиналып, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауды мақсат еттік. Балалардың бақытты болып, барынша көп жағымды эмоция алуына күш саламыз», – деді қор төрайымы.
Мерекелік концерт аясында оқушылар мен педагогтер өнер көрсетті. 1-сынып оқушысы Ақтілек Битуған «Дастарқан» әнін орындаса, 7-сынып оқушылары заманауи би ұсынды. Музыка пәнінің мұғалімдері «Аққу арман» әнін шырқап, дарынды оқушылар домбыра мен қобызда күй орындады. Сондай-ақ Алтыншаш Мұқатаева «Бабалар үні» әнін, ал Кәрім Голда «Бақытты болайық» әнін орындады.
Қайырымдылық акциясы балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік атмосфера сыйлады.