
Астанада халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа әлеуметтік бастама іске қосылды. ELAMAN қоғамдық қорының базасында тегін заң көмегі орталығы өз жұмысын бастады. Мұнда кәсіби заңгерлер елорда тұрғындарына офлайн қабылдау өткізіп, құқықтық кеңес беріп, заңдық қолдау көрсетеді.
Тегін заң көмегін көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болып, өз құқықтарын қорғауға мұқтаж өзге де азаматтар ала алады.
Бұл бастама халықты қоғамдық қолдау жүйесін дамыту аясында жүзеге асырылып, білікті заң көмегінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Азаматтарды қабылдау Астана қаласы, Иманов көшесі, 44, НП-7 мекенжайында жүргізіледі.
Жобаның маңызды бөлігі – қоғамдық ұйымдардың күш біріктіруі. ELAMAN қоғамдық қоры, «Халық үні» қоғамдық бірлестігі төрағасы Әлмұрат Дәулет Нұрмұхамбетұлы және «Adal Sezym психологиялық қолдау орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Венера Ануарбекқызы Нуралина арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – елордада әлеуметтік-құқықтық хаб құру жолындағы алғашқы қадам. Болашақта бұл орталық тегін құқықтық көмекпен қатар, әлеуметтік қолдаудың өзге де түрлерін көрсететін, қолдауға ерекше мұқтаж азаматтарға жан-жақты көмек ұсынатын алаңға айналады.
Т