Денсаулық сақтау министрлігі инватакси қызметін көрсетуге қатысты медициналық көрсетілімдер тізбесін бекіту туралы бұйрық жобасын әзірледі.
Құжаттың мақсаты – инватакси қызметін көрсету кезінде қолданылатын бірыңғай медициналық критерийлерді қалыптастыру. Бұл азаматтардың өтініштерін қарау барысында ортақ тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жоба жаңа шектеулер енгізбейді және қолданыстағы әлеуметтік қолдау шараларын жоймайды. Оның негізгі міндеті – медициналық көрсетілімдердің бірыңғай тізбесін нормативтік тұрғыда бекіту, құқық қолдану тәжірибесіндегі айырмашылықтарды жою және инватакси қызметін көрсету кезінде бірыңғай тәсілді қамтамасыз ету.
Министрліктің пікірінше, бұйрықтың қабылдануы азаматтар мен мемлекеттік органдар үшін қызмет көрсету рәсімінің ашықтығы мен болжамдылығын арттырып, республика аумағында заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ құжат инватакси қызметін көрсетуге қатысты мәселелерді қарау кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге және медициналық көрсетілімдер негізінде қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға ықпал етеді.
Жалпы, жобаны іске асыру медициналық көрсетілімдерді айқындаудың бірыңғай тәсілдерін қалыптастырып, инватакси қызметін көрсету тетігін азаматтар үшін түсінікті, ашық әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Құжат 30 шілдеге дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланған.