Астанада мүгедектігі бар адамдарға 86 500 теңгеге дейін біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Төлемдер қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Мүгедектігі бар адамдар күніне орай беріледі.
Әлеуметтік көмек елордада тіркелген мүгедектігі бар адамдарға қарастырылған.
Төлем мөлшері мүгедектік тобына байланысты белгіленеді.
Кімге және қанша төленеді?
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, төлем мөлшері мынадай болады:
• 86 500 теңге (20 АЕК) — бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
• 43 250 теңге (10 АЕК) — екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі барлық топтағы мүгедектігі бар балаларға;
• 21 625 теңге (5 АЕК) — үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға.
Өтініш беру қажет пе?
Әлеуметтік көмек алу үшін өтініш берудің қажеті жоқ. Ақша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында бар мәліметтер негізінде автоматты түрде төленеді.
Алайда Астанаға жақында көшіп келген азаматтарға мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушының ісі жаңа тұрғылықты жері бойынша ауыстырылғанын тексеру ұсынылады.
Қандай жағдайда төлем берілмеуі мүмкін?
Қағидаларға сәйкес, біржолғы әлеуметтік көмек бір күнтізбелік жыл ішінде тек бір рет және бір негіз бойынша тағайындалады.
Бұл 2026 жылы басқа негіз бойынша біржолғы әлеуметтік көмек алған адамға Мүгедектігі бар адамдар күніне орай қайталап төлем жасалмайтынын білдіреді.
Айта кетейік, Мүгедектігі бар адамдар күні жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде атап өтіледі. Биыл бұл күн 11 қазанға сәйкес келеді.
Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындаудың жаңа қағидалары бекітілді. Енді төлем алу құқығын анықтау кезінде отбасының немесе жеке адамның әл-ауқат деңгейі ескерілетін болады.