Теміртау қаласының тұрғыны Алмаз Асылбеков балалар церебралды сал ауруына шалдыққанына қарамастан, мүгедектігі бар балалар мен жастарды футболдан жаттықтырып жүр. Ол өз үлгісі арқылы тәрбиеленушілеріне жігерлі болуды, өзіне сенуді және жеңіске ұмтылуды үйретіп келеді.
Футболға деген сүйіспеншілік Алмаз Асылбековке сырқатымен күресуге күш берген. Ол сегіз жасынан бастап жаттыға бастаған. Алғашында үйінің ауласында өз бетінше дайындалса, бүгінде сол жерде шәкірттеріне доп тебуді үйретеді. Қазір оның қарамағында 30-дан астам тәрбиеленуші бар.
Алмаз Асылбеков, жаттықтырушы:
– Денсаулығыма байланысты мені ешбір жерге жұмысқа алмады. Ал жаттықтырушының мойнында үлкен жауапкершілік тұр. Сондықтан бәрін өз ауламнан бастадым. Биыл жылдың басында Қазақстан футбол федерациясынан D санатындағы жаттықтырушы лицензиясын алдым. Мамыр айында қатысушыларды қабылдау туралы хабарландыру жарияладым.
Ерекше қажеттілігі бар барлық ниет білдірушілерге арналған жаттығулар тегін өткізіледі. Топтарда 7 мен 19 жас аралығындағы балалар жаттығады. Болашақта кіші, орта және ересек жас санаттары бойынша үш команда құру жоспарланған.
Дамир Коримолов, Теміртау қаласының тұрғыны:
– Бізді ең алдымен футболға деген сүйіспеншілік біріктіреді. Белгілі бір қиындықтары бар балаларды көргенде, олармен бұрынғыдан да көбірек жұмыс істеп, дені сау балалар секілді футболдың түрлі әдіс-тәсілдерін меңгеруіне көмектескің келеді. Қазірдің өзінде қабілеті байқалып жүрген балалар бар.
Алмаз бен оның тәрбиеленушілері аптасына екі рет, ауа райына қарамастан, алаңға шығады. Әрбір жаттығу олар үшін кезекті кішігірім жеңіс.
Алмаз Асылбеков, жаттықтырушы:
– Біз тек футбол ойнауды ғана үйретпейміз. Ең алдымен балалардың қарым-қатынас жасау қабілеті мен әлеуметтенуіне көңіл бөлеміз. Сонымен қатар бұл – бүкіл ағзаны шынықтыратын белсенді спорт түрі. Қарағанды облысында инклюзивті футбол әлі де жеткілікті деңгейде дамымаған. Сондықтан елімізде осындай іске жанашыр адамдардың көбейгені маңызды.
Инклюзивті футболды дамыту үшін Алмаз Асылбеков түрлі дене ерекшеліктері бар балалардың қатысуымен турнирлер өткізуді жоспарлап отыр.