Қазақстанда «QH Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба балаларға үйден шықпай-ақ кешенді оңалту қызметтерін алуға мүмкіндік береді. Бастама «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен және Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығымен бірлесіп іске асырылуда. Қазіргі таңда жоба Шымкент қаласында, Қызылорда, Павлодар облыстарында және Абай облысында табысты жүзеге асырылып келеді.
Жобаның аралық қорытындылары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында таныстырылды.
Жоба басталғалы бері 628 бала үй жағдайында кешенді оңалтудан өтті. Оларға 405 инновациялық техникалық оңалту құралы берілді. Бағдарламаның тиімділігі алғашқы нәтижелерден-ақ көрініс тапты: 470 бала, яғни қатысушылардың шамамен 75 пайызының дамуында оң өзгерістер байқалды. Тұрақты жүргізілген сабақтардың арқасында 130 бала басын нық ұстай алатын деңгейге жетсе, 76 бала өздігінен отыруды, 78 бала тірекке сүйеніп тұруды үйренді. Ал 34 бала алғашқы өз бетінше қадамдарын жасады.
Бұл нәтижелердің әрқайсысының артында көрсетілген қолдаудың арқасында өмірі оң өзгеріске бет бұрған отбасылардың нақты тағдырлары тұр.
Бағдарламаға қатысушылардың бірі – Абай облысының тұрғыны Назым Рашитқызының айтуынша, оның ұлы бұл бағдарламаға бір жарым жылдан бері қатысып келеді.
«Ұлымның аяққа нық тұруы айтарлықтай жақсарды. Қазір өзі ойыншықтарын алып, өздігінен тамақтануға талпынып жүр. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен жетістік. Осындай жобаның жүзеге асқанына шын жүректен ризамыз және оның жалғасып, тағы да көп балаға қолжетімді болғанын қалаймыз», – деді ол.
Балаларды үй жағдайында оңалтудың басты артықшылықтарының бірі – цифрлық бақылау күнделігі арқылы отбасыларға тұрақты қолдау көрсетілуі. Реабилитологтар баланың жағдайын қашықтан бақылап, үйде өткізілген сабақтардың нәтижелерін талдайды және қажет болған жағдайда оңалту бағдарламасына түзетулер енгізеді. Мұндай тәсіл шалғай елді мекендерде тұратын балаларды сапалы оңалту қызметімен қамтуға мүмкіндік берді.
Алдағы уақытта цифрлық платформаның мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып отыр. Оған ата-аналарға арналған оқыту материалдары, логопедиялық жаттығулар және сүйемелдеудің жаңа сервистері енгізіледі. Сонымен қатар тәжірибе алмасу және өзара қолдау көрсету мақсатында ата-аналардың тұрақты офлайн кездесулерін өткізу көзделген.
Жобаға деген сұраныстың жоғары болуы мен оның тиімділігін ескере отырып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылдың соңына дейін оны іске асыру географиясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Осылайша, үй жағдайындағы оңалту қызметі Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында да қолжетімді болады.
Жобаны кезең-кезеңімен кеңейту үй жағдайында оңалтудың бірыңғай ұлттық моделін қалыптастыруға және тұрғылықты жеріне қарамастан мүгедектігі бар балалардың заманауи оңалту әдістеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Отырысты қорытындылаған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бұл бағытты одан әрі дамыту барлық мүдделі тараптардың белсенді қатысуын талап ететінін атап өтті.
«Бүгінде біздің ортақ міндетіміз – тұрғылықты өңіріне қарамастан, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған әрбір отбасының сапалы оңалту қызметіне қол жеткізуін қамтамасыз ету. Ол үшін мемлекет, жергілікті атқарушы органдар және қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру қажет. Тек бірлескен іс-қимылдың арқасында ғана осы табысты тәжірибені кеңейтіп, балаларға жан-жақты дамуға тең мүмкіндік бере аламыз», – деп түйіндеді министр.