Ауыр жарақаттарды емдеуге арналған медициналық бұйымдар өндірісін кеңейтуді министр тапсырды


Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанадағы Халықаралық ғылыми-өндірістік травматология және ортопедия орталығына барып, онда сынықтар мен ауыр жарақаттарды емдеуге арналған отандық медициналық бұйымдардың сериялық өндірісімен танысты.
Кәсіпорында әмбебап ортопедиялық құрылғылар, сыртқы фиксациялау аппараттары, арнайы құралдар және травматологияға арналған басқа да бұйымдар шығарылады. Өнімдер мемлекеттік тіркеуден өткен, ал кәсіпорын әзірлемелері патенттермен қорғалған.
«Ауыр жарақат туралы сөз болғанда, уақыттың әр минуты маңызды. Дәрігерде науқасқа дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті құрал болуы тиіс. Егер елімізде дәрігерлерімізге қажетті, тіркелген, сапалы әрі қауіпсіз өнім шығарылса, біз осындай өндірістің дамуына жағдай жасауымыз керек», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Бүгінде Қазақстанда түрлі медициналық бұйымдар шығаратын 100-ден астам өндірістік алаң жұмыс істейді. Травматологияға арналған бұйымдарға ерекше көңіл бөлінеді.
Отандық өндірісті дамыту медициналық ұйымдарды қажетті өнімдермен тұрақты қамтамасыз етуге және сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға да ықпал етеді. Бұл ретте медициналық өнімдерге қойылатын негізгі талаптар – олардың сапасы мен қауіпсіздігі.
Сапар қорытындысы бойынша министр медициналық ұйымдардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, травматологияға арналған отандық медициналық бұйымдар өндірісін кеңейту жөнінде жеке жоспар әзірлеуді тапсырды.