«Астана-1» теміржол вокзалы: қозғалысы шектеулі азаматтар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету – ашылу алдындағы маңызды кезең

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласына ерекше конституциялық мәртебе берді. Елорда ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайды. Бұл ретте қалалық инфрақұрылымның сапасын арттыру және қолжетімді орта қалыптастыру мәселелері де маңызды орын алады.


«Астана-1» теміржол вокзалын реконструкциядан кейін пайдалануға беру қарсаңында нысанға бірлескен ұсынымдық тексеру жүргізілді. Оның мақсаты – нысанның қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар беру және вокзал ашылғанға дейін ықтимал кедергілерді жоюға көмектесу.
Тексеруге жергілікті атқарушы органдардың, Астана қаласы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті аумақтық департаментінің, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның, мердігер ұйымның өкілдері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі, сондай-ақ «Вездеходы» командасының өкілдері қатысты.

Тексеру барысында сарапшылар вокзалға іргелес аумақтың жай-күйіне, нысанға апаратын кіреберіс жолдар мен қозғалыс бағыттарына, кіреберіс тобына, ғимарат ішіндегі қозғалыс жолдарына, санитариялық бөлмелерге, перронға шығатын жолдарға, халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына арналған демалыс бөлмелеріне, сондай-ақ ресепшн мен теміржол кассалары орналасқан аймақтарға назар аударды. Есіктерді ашудың қолайлылығына, сондай-ақ бүкіл маршрут бойымен өздігінен әрі қауіпсіз қозғалу мүмкіндігіне ерекше мән берілді.
Аумақтық департамент қолжетімділік мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеуге қатысты. Мұндай өзара іс-қимыл форматы тапсырыс беруші мен мердігер ұйымға ескертулерді ескеріп, нысан ашылғанға дейін қажетті түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексі қолданысқа енгізілді. Заңнамада белгіленген өкілеттіктер шеңберінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті нысандардың мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтары үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету бөлігіндегі сәйкестік туралы декларацияларын келісуге қатысады. Декларацияны қарау кезінде нысанның қолданыстағы қолжетімділік талаптарына сәйкестігі белгіленген тәртіппен бағаланады.
2026 жылдың тоғыз айында аумақтық департаменттерге қолжетімділік талаптарына сәйкестік туралы декларацияларды келісу жөнінде 562 өтініш түсті. Оның ішінде 147 декларация келісілді (26%), 259 өтініш бойынша (46%) бас тартылды, қалған өтініштер қаралу үстінде.
«Астана-1» вокзалындағы бүгінгі тексеру мемлекеттік органдардың, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның, мердігер ұйымның және сарапшылардың өзара іс-қимылының практикалық маңызын көрсетті. Уақтылы берілген ұсынымдар халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарының қажеттіліктерін ескеруге және нысан ашылғанға дейін ықтимал кедергілерді жоюға мүмкіндік береді.