Елордада 14-15 қараша аралығында «Тұрақты болашақ үшін әлеуметтік инновациялар» тақырыбында ауқымды Еуразиялық әлеуметтік кәсіпкерлер құрылтайы өтіп жатыр. Форумның мақсаты – тәжірибе алмасу, стратегиялық серіктестіктер орнату және ESG және әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы табысты кейстерді таныстыру үшін көшбасшылар мен сарапшыларды біріктіру, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Оған 1000-ға жуық адам, оның ішінде бизнес өкілдері, блогерлер және әлеуметтік экономиканы дамытуға мүдделі белсенділер қатысады. Сондай-ақ, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Үндістан және басқа елдерден халықаралық спикерлер қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, құрылтайға қатысу – бұл жаңа білім алу ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жобаларда бірлесіп жұмыс істеу үшін пікірлес адамдарды табу мүмкіндігі.
«Біздің басты міндетіміз – қоғамдағы әлеуметтік түйткілді тақырыптардың маңыздылығын көрсету үшін әлеуметтік өзгерістер көшбасшыларын, әлеуметтік жауапты бизнес, үкіметтік емес және мемлекеттік ұйымдар өкілдерін біріктіру. Бірінші кезекте әлеуметтік кәсіпкерлер әлеуметтік бағыттағы өзекті мәселелерді шешуде», — деп бөлісті әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының төрағасы Эмин Аскеров.
Іс-шара барысында қатысушыларды әлеуметтік кәсіпкерлер өнімдерінің жәрмеңкесі, «Үздік әлеуметтік кәсіпкер-2024» номинациясы бойынша марапаттау және меморандумдарға қол қою күтілуде.