Болат Өтемұратовтың Қоры баспанаға мұқтаж қазақстандықтар үшін Астана әкімдігіне жалпы сомасы 10,5 млрд теңгеге 500 пәтер берді. «Баламекен» қайырымдылық жобасы аясында жаңа пәтерге қол жеткізгендердің қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, құтқарушылар және басқа да бюджеттік сала қызметкерлері бар.
Қор берген пәтерлер жайлылық класына жатады және Астанадағы заманауи тұрғын үй кешендерінде орналасқан. Барлық ғимараттар жоғары жылдамдықты лифттермен, бетті тану жүйесімен, жерасты тұрағымен жабдықталған, аулалары кең.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек маңызды әрі дер кезінде қолға алынған қайырымдылық жобаға ризашылығын білдірді.
«Бұл бастама бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен қоғам игілігі жолындағы ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болып табылады. Біз Болат Өтемұратов атындағы Қорға отандастарымыздың өмір сүру жағдайын жақсартуға қосқан үлесі үшін алғыс айтамыз», — деді елорда әкімі.
Жақында ғана жаңа пәтерге қол жеткізген өрт сөндіруші Ерлан Шайхымов өз әсерімен қуана бөлісіп, қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді:
«Бұл пәтерді алу біз үшін нағыз мереке. Мен бес баланың әкесімін, бұл біз үшін үлкен қолдау. Енді біз тыныш және болашаққа деген сеніммен өмір сүре аламыз. Бұл мүмкіндік үшін алғыс айтамыз».
- Болат Өтемұратов қорының «Баламекен» қайырымдылық жобасы мұқтаж қазақстандықтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы іске қосылды. Жоба аясында Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда және Түркістан облыстарында 1000-ға жуық отбасы, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы және табиғи апаттан зардап шеккен отбасылар жеке баспанаға ие болды.