Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары жеке табыс салығын негізсіз ұстауға байланысты салық заңнамасын өрескел бұзушылықтарды анықтады. Заңсыз сома шамамен 17 миллион теңгені құрады.
Қадағалау органының түсіндіруінше, 2023–2024 жылдар аралығында Ақжар, Есіл, Мамлют, Тайынша аудандарының, сондай-ақ Ғабит Мүсірепов пен Шал ақын аудандарының жұмыс берушілері Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодекстің талаптарына қайшы келіп, 366 мүгедектігі бар қызметкерден жеке табыс салығын жалпы сомасы 16,9 миллион теңге ұстап қалған. Алайда Салық кодексіне сәйкес, мұндай ұсталымдардан мүгедектігі бар жандар босатылады.
«Сонымен қатар, Есіл ауданында білім бөлімінің лауазымды тұлғалары мүгедектігі бар балалардың 24 заңды өкілінен жалпы сомасы 1,7 млн теңгеге жеке табыс салығын негізсіз ұстаған», — деп атап өтті қадағалау органы.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша азаматтарға 6,2 млн теңге қайтарылды. Сондай-ақ кінәлі тұлғаларды заңмен белгіленген жауапкершілікке тарту шаралары жүргізілуде.
Қалған соманы қайтару жұмыстары жалғасуда.
2025 жылғы 10 Маусымда сенатор Жанна Асанова мүгедектігі бар адамдар үшін сапасыз протездерге мемлекеттің тиімсіз шығындары туралы айтты. Ол мемлекет ұсынатын протездерді өнімнің сапасына байланысты көптеген адамдар қолданбайтынын айтты.