Бразилияның Сан-Паулу қаласында өткен бочча спортынан Әлем кубогында қазақстандық спортшылар командалық сайыста күміс медаль жеңіп алды. Қазақстан құрамасы сапында елордалық параспортшы Итиана Шыңғысханова жарысты. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Халықаралық турнирге әлемнің 26 елінен 90-ға жуық спортшы қатысты. Қазақстандық параспортшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жарыста бірқатар нәтижеге қол жеткізді.
Топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Хорватияны 9:4, Аргентинаны 6:2 есебімен жеңіп, Бразилия құрамасымен 8:8 есебімен тең түсті.
Жартылай финалда қазақстандық спортшылар Испания құрамасын 7:5 есебімен ұтып, финалға жолдама алды.
Шешуші кездесуде Қазақстан құрамасы Бразилия спортшыларынан 2:9 есебімен жеңіліп, Әлем кубогының күміс жүлдегері атанды.
Айта кетейік, бұған дейін елордалық параспортшы Итиана Шыңғысханова осы Әлем кубогының жекелей сайысында да күміс медаль жеңіп алған болатын.
Осылайша, Астана өкілі Итиана Шыңғысханова бочча спортынан өткен Әлем кубогын жекелей және командалық сайыстарда екі күміс медальмен аяқтады.