Жыл басынан бері Атырауда 14 562 адам әлеуметтік қызметтер порталы арқылы түрлі қызметтер мен оңалту құралдарын алған.
«2022 жылдың 1 желтоқсанына дейін әлеуметтік қызмет көрсету порталына оңалтудың техникалық құралдарын алуға 17 119 мүмкіндігі шектеулі адам жүгінген. Портал жұмысы бір терезе қағидаты бойынша жүзеге асырылады — мүгедектігі бар жандар қажетті қаражатты өз бетінше таңдайды және тікелей жеткізушілерден тауарларды алады. Олар протездік-ортопедиялық, дыбыстық-техникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, сондай-ақ мүгедектігі бар жандарға арналған арбаларды ала алады. Бұдан бөлек, жеке көмекшілер, ымдау тілі мамандарының көмегі және санаториялық-курорттық емделуден тұратын арнайы әлеуметтік қызметтер бар», – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлегарева.
Облыста барлық санаттағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саны 24320 адамды құрайды. Оның ішінде бірінші топ – 2171 адам, екінші топ – 9392 адам, үшінші топ – 8664 адам. Сонымен қатар, 4093 бала.