Алматы маңындағы балалар лагерінде ерекше балалар мен жетім балаларды қамап ұстаған.
Әлеуметтік желіде саунасы бар балалар лагерінің қожайыны Алматы облысындағы Қаскелеңдегі тағы бір лагерьді басқаратыны туралы видео желіде пайда болды. Ата-аналар ол лагерьді тауып алып, есігін бұзып кіріп, мүгедектігі бар балалар мен жетім балалар сырттарынан қамалып қалдырылғанын анықтады.
Алматы қалалық білім басқармасының қызметкерлері «Тау самалы» лагеріндегі («Айсұлу и Т» ЖШС) жағдайды тексерді.
Осыдан кейін аталған лагерь аумағына балалардың кіруіне жол бермеу туралы шешім қабылданды.
«Осылайша лагерьге баратын жолдың ұзақтығы мен балалардың ерекше білім алу қажеттілігін ескере отырып, балалар Қаскелең қаласындағы жекеменшік мектепке уақытша орналастырылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәулік бойы күзет және медицина қызметкерлерінің бірге болуы ұйымдастырылды», — делінген хабарламада.
Әкімдікте атап өтілгендей, «Жанұя» мамандандырылған кешенінің тәрбиеленушілері осы мектепте болған кезінде оларға алты мезгіл тамақ, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылған.
Кейінірек «Жанұя» тәрбиеленушілері Алматыға оралған.
Қалалық білім бөлімі балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру шартында көрсетілген міндеттемелерді нашар орындағандықтан «Айсулу и Т» ЖШС-мен келісімшартты бұзу туралы хабарлама жіберді.
Бұған дейін Алматыдағы әлеуметтік осал отбасылардың балалары лагерьге тегін жолдама алған болатын. Алайда олардың демалысы қорқынышты түске айналған еді. Балаларды сауна ғимаратына орналастырған. Енді Алматы қалалық білім басқармасы балалардың демалысын ұйымдастырғаны үшін жосықсыз қызмет көрсетушілерді сотқа бермек, қалалық прокуратура екі бап бойынша тексеруді бастап кетті.