Ақтөбе тұрғыны Әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы ағасының жарты беті адам танығысыз екенін және көзі зақымдалғанын көрген. Ер адам туысын соққыға жыққан деп болжайды, ал орталық болса мұны жоққа шығарып отыр.
Телехабарда зардап шеккен ер адамның 58 жаста екені, ауыр науқасқа шалдыққаны және соңғы 14 жылдан бері әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұратыны айтылған. «Науқас әлде дәрігер ұрғаны беймәлім. Нақты айта алмаймын. Бірақ оны ұрғаны анық. Оны тіпті фотосуреттен де көруге болады. Егер адам құлап қалса, ондай гематома болмайды деп ойлаймын. Біз тым кеш келдік. осыған дейін жағдайы мұлдем нашар болған болу керек. Қазір ісігі басылып үлгерген. Бірақ көзі жабылып қалыпты», — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны.
Орталық өкілдері науқастың туыстары келгенге дейін 4 күн бұрын жарақат алғанын хабарлаған. Сонымен бірге олар телеарнаға қызметкерлердің немесе пациенттердің ешқайсысы ер адамға тиіспегенін айтты, директор бұл оқиға туралы бірден білмегенін мойындады.
«Науқас дәретханада құлап қалды. Оның құлап қалғанын сол жерде кезекші медбике көрген. Кейін хирург науқасты тексеріп, арнайы емдеу тағайындаған. Бірақ бұл туралы маған ешкім хабарлаған жоқ. Оның жиені келіп, бәрін айтып бергенде, мен науқасты емханаға жатқыздым», — дейді орталық директоры. Ер адамның жиені көзінің жарақаты салдарынан жағдайы асқынғанын айтады.
«Дәрігерлер көз жарақаты асқынып кетті дейді. Ертерек дәрігерлерге жүгіну керек еді.Көзі көрмейді, енді оны алып тастаймыз дейді», — деп хабарлады жиені.
Телеарнаның хабарлауынша бұл орталық ауыр психоневрологиялық дертке шалдыққан мүгедектігі бар жандарға арналған. Мұнда 300-ден астам адам бар, олардың кейбірі жылдар бойы осында тұрып жатыр. Дәретханаларда бейнебақылау камералары жоқ. Телехабарда жәбірленушінің жиені прокуратураға арыз дайындап жатқаны айтылған.