«Етікшілік – бүкіл отбасын асырайтын кәсіп»: Елорда тұрғыны JOLTAP жобасының пайдасы туралы пікірімен бөлісті.

Етік тігу – ескірмейтін кәсіп. JOLTAP жобасы елорда тұрғындарына бұл кәсіпті жылдам әрі тегін меңгеру мүмкіндігін ашады.
«Аяқ киім жөндеу және кілт жасау» курсының тыңдаушысы Дүйсен Досанов бұған дейін қатардағы етікші болып жұмыс істеген. Бүгінде ол шеберлігін одан әрі шыңдап, аяқ киім бояуды, кілт жасауды үйреніп жатыр, өйткені болашақта өз шеберханасын ашу жоспары бар.
«Құрылыста жүргенде аяғымды жарақаттап алып, үйде 1,5 жыл болдым. Сол кезде ештеңе істемей отыра бермеу үшін осы кәсіппен айналыса бастадым. Білмегенімді аяқ киім жөндейтін досым мен ағамнан және YouTube видеоларынан үйрендім.
Одан кейін сауығып, қайта жұмысқа орналастым. Дегенмен, болашақта шеберхана ашу ойым бар. Ол үшін алған білімімді тереңдете түсуге көңіл бөлдім. Курста аяқ киім сырлау, кілт жасау, сертификат алу сияқты тың дүниелерді меңгеруді көздеп отырмын», – дейді Дүйсен Досанов.
Оның айтуынша, етікшілік – бүкіл отбасын асырайтын кәсіп. Адам көп жиналатын жерде шеберхана ашсаңыз болғаны.
«Мен көп балалы әкемін. Үйде жазу машинкасы мен қайрағыш бар. Ешкімге шағымданбаймын, балаларымның, туыстарымның аяқ киімінің ілмектері мен өкшесін ауыстырамын. Қыста аяқ киіміме тайғақ емес материалды жабыстырамын. Негізінен қазіргі аяқ киім сапасыз болғандықтан. Қымбат аяқ киім жөндеуге жиі жіберіледі.
Мысалы, мен аяқ киімді бояуды үйренгендіктен, аяқ киімге сызат қалдырмай жаңа көрініс бере аламын.
Құрылыста жұмыс істейтіндер де маған аяқ киім әкеледі. Бір сөзбен айтқанда, ерінбей еңбек еткен етікші табыссыз қалмайды деп ойлаймын.
Табыс отбасын асырауға жетеді. Егер бизнес жұмыс істесе, бұдан да үлкен жетістікке жетуге болады», — дейді ол.
Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, сіздің шеберханаңызға жол JOLTAP-тан басталады. Өйткені, оқу мерзімі қолайлы – 12 күн, ал мұғалімдер — өз ісінің шеберлері.