Астана қаласының параспортшылары VII республикалық спартакиадада топ жарды

Өскемен қаласында параспортшылар арасындағы VII республикалық спартакиаданың жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бір айға созылған дүбірлі додаға еліміздің 20 өңірі мен қалаларынан 2000-ға жуық спортшы қатысып, 17 спорт түрінен бақ сынады. Олардың ішінде 7 спорт түрі елордада өтті: волейболды отырып ойнау, паратаэквондо, парадзюдо, бочча, параби, пара садақ ату және пара каратэ.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Астана қаласы 463 ұпай жинап, бірінші орынды жеңіп алды. Екінші және үшінші орындарды тиісінше Алматы қаласы мен Алматы облысының спортшылары иеленді. Астана қаласының құрама командасы 189 спортшы қатысып, қаланың абыройын қорғады.
Олардың қатарында елге танымал спортшылар да бар. Атап айтсақ, парадзюдодан – Ақмарал Науатбек, Ерғали Шамей, Асылан Нұрдәулетов, паражүзуден – Сиязбек Далиев пен Али Тұрғанбек, пара оқ атудан – Севда Алиева, ал жеңіл атлетикадан – Айсұлу Сүлейменова.
Айта кетерлігі, биылғы спартакиадада алғаш рет зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар да бақ сынап, жүзу, жеңіл атлетика және үстел теннисінен өз шеберліктерін көрсетті.
0