Астанада 4–5 қазан күндері кезекті өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.
Елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, жәрмеңкеге Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарының тауар өндірушілері қатысады.
Жәрмеңкеде аталған өңірлердің аграрийлері тұрғындарға және қонақтарға ет, балық, сүт, бақалей өнімдері, сондай-ақ көкөніс пен жеміс-жидек түрлерін тікелей фермерлерден ұсынбақ. Бұл өз кезегінде азық-түліктің қолжетімділігін арттыруға және отандық өндірушіні қолдауға ықпал етеді.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Астанаға шамамен 500 тонна өнім жеткізеді: оның ішінде 130 тонна ет және ет өнімдері, 90 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 90 тонна ұн мен макарон өнімдері, 50 тонна бал, 35 тонна сүт өнімдері және шамамен 100 тонна өзге де азық-түлік бар.
Жәрмеңкеге келгендер сапалы өнімді тікелей өндірушілерден сатып ала алады. Сондай-ақ аймақтардан келген шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасы ұсынылады. Сауда алаңы сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, биылғы жәрмеңкелер «Қазанат» ипподромының автотұрағында (Қарқаралы тасжолы, 1) өтіп жатыр. Іс-шара кезінде жәрмеңке орнына №18, №37 және №303 бағытындағы автобустар қатынайды.