Алматы әкімдігі мүгедектігі бар адамдарға арналған ақылы және істемейтін көтергіштерге қатысты жағдайды түсіндірді
Әкімдікте барлық көтергіштердің дұрыс жұмыс істеп тұрғаны хабарланды.
Алматы әкімдігі мүгедектігі бар адамдарға арналған ақылы және істемейтін көтергіштерге қатысты жағдайға түсініктеме берді.
Әлеуметтік желілерде тұрғындардың шағымы жарияланды. Қала тұрғындары істемей тұрған көтергіштер мен мүгедектігі бар жандарға арналған ақылы лифтілерге наразы болды. Пайдаланушылардың айтуынша, арнайы кілтсіз көтергішті пайдалану мүмкін емес, ал лифт Onay картасымен төлем қабылдамайды.
Әкімдік бұл жарияланымға түсініктеме бере отырып, ақау Жетісу ауданындағы Райымбек даңғылында орын алғанын атап өтті.
«2025 жылы мердігер ұйым – «Yard Servise» ЖШС Жетісу ауданындағы 13 жерүсті жаяу жүргінші өткелінде лифттер мен көтергіштерді жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда барлық көтергіш механизмдер мен жабдықтар толық көлемде жұмыс істеп тұр», – деп хабарлады әкімдік.
Қазір барлық жерүсті өткелдер бойынша қайталама мониторинг жүргізілуде.
Әкімдікте атап өтілгендей, барлық көтергіштерде байланыс нөмірлері мен пайдалану нұсқаулығы көрсетілген ақпараттық тақтайшалар орнатылған.
Көтергішке арналған кілтті алу үшін азаматтар Жетісу ауданы әкімінің аппаратының қоғамдық даму бөліміне өтініш және тиісті құжаттармен жүгінуі қажет.
Мекенжай: Сериков көшесі, 2а, телефон: 384-27-58.