Жыл соңына дейін ӘМСҚ бірыңғай қаржылық контурды қалыптастырады.
Қазақстанда денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне көшу аясындағы келесі кезең басталады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) хабарлады.
Қор реформаға дайындықтың алғашқы кезеңін аяқтады. Оның барысында қолданыстағы модельге жан-жақты талдау жүргізілді. Биылғы жылдың екінші жартысында ӘМСҚ жаңа қаржылық контурдың операциялық моделін қалыптастыруы тиіс. Оның аясында:
медициналық көмектің төлеміне дейінгі бақылау;
медициналық қызмет көрсетушілерді тәуекел деңгейі бойынша бағалау;
қаржылық құжаттарды автоматтандырылған тексеру;
нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру енгізіледі.
ӘМСҚ басқарма төрайымы Гүлмира Сабденбектің айтуынша, бұл тәсілдің негізгі мақсаты – қоғамдық қаражаттың әрбір теңгесінің тиімді жұмсалуын қамтамасыз етіп, қаржыландыру тетіктерін барынша ашық әрі объективті ету.
«МӘМС 2.0 – осы реформаны іске асырудың нақты құралы. Жыл соңына дейін бірыңғай қаржылық контурды қалыптастыруды аяқтаймыз. Бұл деректерге негізделген шешімдер қабылдауға, заңбұзушылықтар орын алмай тұрып тәуекелдердің алдын алуға және жүйенің барлық қатысушылары үшін бірыңғай қағидаларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында ӘМСҚ-дағы қаржының тиімсіз жұмсалып жатқанын айтып, қорды Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі қарамағына беруді тапсырған болатын. Кейін жүргізілген тексеріс барысында ӘМСҚ қаражатының науқастарға толық көлемде жетпейтіні және жүйеде есептің бірыңғай жүргізілмейтіні анықталды. Министрлік қарамағына өткеннен кейін қор қаржыға бақылауды күшейтіп, медициналық көмектің көлемі мен оны төлеу тетіктерін қайта қарады.