Қазақстанда онлайн медициналық қызметтердің жаңа түрлері қолжетімді болады

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қашықтан медициналық қызметтерді ұйымдастыру, көрсету және олардың ақысын төлеу қағидаларына өзгерістер енгізу жөніндегі бұйрық жобасын әзірледі.
Елімізде қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтердің тізбесін кеңейту жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген бұйрық жобасында онлайн форматта жүргізілетін консультациялар мен диагностикалық зерттеулердің түрлері айқындалып, сондай-ақ мұндай қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын бірыңғай талаптар белгіленеді.
Құжат қашықтан медициналық көмек көрсету жүйесін одан әрі дамытуға және денсаулық сақтау саласында заманауи цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Атап айтқанда, алғаш рет қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтердің нақты тізбесі бекітіледі. Сонымен қатар дәрігер онлайн режимде сипаттап, қорытынды жасай алатын диагностикалық зерттеулердің тізімі айқындалады. Бұдан бөлек, телемедицина қызметтерін көрсету барысында қолданылатын технологиялар белгіленіп, оларды ұсыну шарттары кеңейтіледі.
Ведомствоның мәліметінше, енгізілетін өзгерістер медициналық көмекті науқастар үшін қолжетімді әрі ыңғайлы ете отырып, қызмет сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын жоғары талаптарды сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге жаңа нормалар дәрігердің дәстүрлі қабылдауын алмастырмайды. Егер науқасқа дәрігердің жеке қарауы, қосымша тексеру немесе медициналық ұйымда ем қабылдау қажет болса, көмек бұрынғыдай офлайн форматта көрсетіледі. Қашықтан медициналық қызметтер тек медициналық тұрғыдан рұқсат етілген және белгіленген талаптарға сәйкес келетін жағдайларда ғана қолданылады.
Министрліктің болжамынша, жаңартылған қағидалар еліміздің барлық өңірлеріндегі, оның ішінде ауылдық елді мекендердегі тұрғындардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттырады. Сондай-ақ қозғалысы шектеулі азаматтар мен тұрақты бақылауды немесе қайталама консультацияны қажет ететін пациенттер үшін де тиімді болады.
Бұйрық жобасы 18 тамызға дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Науқастарды қолдау қызметінің жұмысын жетілдіруді жоспарлап отырғанын хабарлаған болатын.