Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді және кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасып жатыр.
2026 жылдың соңына дейін елімізде әлеуметтік инфрақұрылымның 34 573 нысанын бейімдеу жоспарланған. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша олардың 32 802-сі бейімделді.
Бейімделген нысандардың қатарында білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, мәдениет мекемелері, мемлекеттік органдар, сондай-ақ сауда және қызмет көрсету нысандары бар.
Бұл жұмыс еліміздің барлық өңірінде 2025–2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының инклюзивті саясаты тұжырымдамасы, Жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Халықпен бірге» жобасы аясында жүргізілуде.
Нысандарды бейімдеу кезінде мүгедектігі бар адамның ғимаратқа өздігінен әрі қауіпсіз кіріп, оның ішінде кедергісіз қозғалып, қажетті қызметтерді алу мүмкіндігіне басты назар аударылады.
Адамның жүріп өтетін бүкіл бағыты бағаланады: іргелес аумақ пен кіреберістен бастап қызмет көрсетілетін орынға дейін. Сонымен қатар ғимарат ішіндегі қозғалыс жолдары, санитариялық-тұрмыстық бөлмелер, ақпарат беру құралдары мен телекоммуникациялар да тексеріледі.
Осылайша, нысанның қолжетімділігі жеке бір элементтің болуымен ғана емес, адамның оның қызметтерін өздігінен және еш кедергісіз пайдалана алу мүмкіндігімен анықталады.
Ақпараттандыру мен қоғамдық бақылаудың маңызды құралы – Қолжетімділік интерактивті картасы. Онда әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігі туралы мәліметтер орналастырылады.
Нысандарды бейімдеу жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік мекемелермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп жүргізеді. Бұл ретте қолжетімділікке қойылатын заманауи талаптармен қатар азаматтардың өтініштері мен нақты қажеттіліктері ескеріледі.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, кедергісіз орта қалыптастыру ғимараттарды кешенді түрде бейімдеуді және мүгедектігі бар адамдарға қажетті жағдай жасауды көздейді.