Нұршат Төлеуқасым Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарының қола жүлдегері атанды. Қазақстандық спортшы W1 класында ерлер арасында пара садақ атудан жекелей сайыста үшінші орын иеленді.
Қола медаль үшін өткен кездесуде Нұршат Төлеуқасым Таиланд өкілі Супхават Самутчайякиджді 6:2 есебімен жеңді.
Матч төрт сеттен тұрды. Сеттер 26:24, 23:22, 23:26 және 26:23 есебімен аяқталды.
Бұған дейін қазақстандық спортшы ширек финалда Оңтүстік Корея өкілін 7:3 есебімен жеңгенімен, жартылай финалда Қытай спортшысына 0:6 есебімен есе жіберді.
Айта кетейік, бұл – Нұршат Төлеуқасымның биылғы ойындардағы екінші медалі.
Бұған дейін 21 қазанда Нұршат Төлеуқасым мен Темірлан Сейітқамалдың W1 класында ерлер арасындағы жұптық пара садақ атудан күміс медаль жеңіп алғаны хабарланған болатын. Финалда қазақстандық дуэт Қытай құрамасына 0:6 есебімен жол берді. Бұл марапат Қазақстан тарихында Азия Пара ойындарында осы спорт түрінен алынған алғашқы медаль болды.
Қола жүлдені есепке алғанда, Қазақстан құрамасының қоржынында 38 медаль бар. Оның 10-ы – алтын, 11-і – күміс, 17-сі – қола.