2026 жылдың басынан бері Астанада арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманың 11 бұзушылығы анықталды. Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов мәлімдеді.
Асқар Аймағамбетов арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мемлекеттік реттеудің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
— 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды міндетті лицензиялау және белгіленген талаптардың сақталуын кейінгі бақылау тетігі енгізілді. Лицензиялаудың негізгі мақсаты – қызмет көрсету сапасының бірыңғай стандарттарын қамтамасыз ету, қызмет алушылардың қауіпсіздігін арттыру және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейту. Қазіргі таңда Астана қаласында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 20-дан астам ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 18 ұйым лицензия алып, 7 мыңнан астам азаматқа қызмет көрсетуде. Ең сұранысқа ие қызмет түрлерінің бірі – үйде көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер. Жыл басынан бері бұл қызметпен 2 мыңнан астам адам қамтылды. 2025 жылдан бері, яғни лицензиялау енгізілген уақыттан бастап, 110-нан астам өтінім келіп түсті. Оларды қарау барысында құжаттарды рәсімдеуде және қызметті белгіленген талаптарға сәйкестендіруде бірқатар кемшіліктер анықталды. Лицензия беруден бас тартудың негізгі себептері – қажетті рұқсат құжаттарының болмауы, штаттық нормативтердің сақталмауы, өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалмауы және материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі, – деді Асқар Аймағамбетов.
Оның айтуынша, анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін ұйымдар лицензия алуға қайта өтініш бере алады. Сондай-ақ спикер арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында биылғы 28 мамырда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдері мен тексеру парақтарын бекіту туралы бірлескен бұйрыққа бірқатар өзгерістер енгізілгенін айтты.
Аталған өзгерістер арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының жұмысын бақылауды күшейтуге және алдағы уақытта заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Атап айтқанда, лицензиясыз қызмет көрсетудің жолын кесу және ұйымдардың қызметін біліктілік талаптарына сәйкестендіру көзделген.
Бұған дейін тексеру парақтарында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензияның болуы туралы талап қарастырылмаған еді. Бұл мемлекеттік органдардың бақылау жүргізу мүмкіндігін шектеді. Енгізілген өзгерістер арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында толыққанды мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға және лицензиялау туралы заңнама талаптары бұзылған жағдайда әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға мүмкіндік береді.
Асқар Аймағамбетовтің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері 36 бақылау іс-шарасы өткізілді. Оның ішінде 24 тексеру Астана қаласы бойынша Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінде тіркелген. Оның екеуі профилактикалық бақылау аясындағы жоспарлы тексерулер болса, 22-сі азаматтардың өтініштері негізінде жүргізілген жоспардан тыс тексерулер. Бұдан бөлек, прокуратура органдарының талаптары бойынша 12 тексеру өткізілді.
Жүргізілген 36 тексерудің нәтижесінде 78 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде 64 бұзушылық мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз етпеуге қатысты болса, үш бұзушылық әлеуметтік қызметтер порталындағы жұмысқа байланысты, ал 11 бұзушылық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңнама талаптарының сақталмауына қатысты болды.
Анықталған бұзушылықтарды жою туралы 14 нұсқама беріліп, бір лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы сомасы 5 млн 119 мың теңгеге 16 әкімшілік айыппұл салынды.