Ербол Игембергеновтің бірінші топтағы мүгедектігі бар. Ербол жасөспірім кезінде жан түршігерлік жол апатына ұшырап содан бері арбаға таңылған. Дегенмен кейіпкеріміз ауыр тағдыр сынағына сынбай, керісінше жаңа өмірге қадам басқан.
Ербол ұзақ уақыт бойы шетелде оңалту курсынан өткен, өйткені ол біздің елде қажетті көмек ала алмаған. Нәтижесінде Алматы тұрғыны бастаманы өз қолына алып мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік орталық құруға кіріседі.
Ербол бала кезінен спортта үлкен жетістіктерге жетуді армандағанын айтады. Бірақ бір апат жігіттің барлық үмітін үзген.
«Мен жүрегімде әлі де спортшы болып қала беремін. Мүмкін мен керемет кикбоксшы болар ма едім, бірақ менің өмірімде күтпеген жағдай болды. Біздің отбасымыз апатқа ұшыраған кезде мен 14 жаста едім — мас жүргізуші көлігімен біздің көлігімізге соқтығысып, мен бүгін мүгедектер арбасында отырмын.
Мен ұзақ уақыт оңалтудан өттім, кейбір қажетті шаралар кешіктіріліп қабылданды, нәтижесінде мен өзімнің жаңа қалпымды небір ауыр сезімдерімді жеңе отырып қабылдадым», — деп еске алады Алматы тұрғыны.
Бүгінде біздің кейіпкеріміз мүгедектік адам үшін үкім болмауы керек деп сенімде. Сондықтан Ербол әкесімен бірге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік орталық құрады.
«Менің әкем маған үнемі көмектесіп қолдау көрсетіп келеді, мені мықты болуға, мақсатқа жетуге, ештеңеге қарамай алға ұмтылуға үйретті. Әкем екеуміздің ортақ арманымыз пайда болды, уақыт өте келе арман мақсатқа айналды — ауыр жарақат алған жандарға көмектесетін заманауи және тиімді орталық құру.
Апат салдарынан кез келген адам мүгедектік алуы мүмкін. Мүгедектік дегеніміз не? Мүмкін үкім шығар, өйткені мүгедектігі бар адамды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қабылдамай жатады қоғам.
Бірақ біз бұл көзқараспен мүлдем келіспейміз! Біздің ойымызша, бұл адамдар өте маңызды қасиетке ие. Бұл жандар қоғамға пайдалы болуға ұмтылу, өмірде анық мақсатты және өмірге деген құштарлық қасиеттеріне ие. Ал мен бұл жандарға кішкене болса да көмектесе аламын», — дейді Ербол.
«ЕРЗИ» мүгедектігі бар жандар қауымдастығы 2015 жылы тірек-қимыл аппаратының қызметтері бұзылған он адамның бастамасымен құрылған. Сәл кейінірек әлеуметтік орталық пайда болды, мұнда барлық жандар ақысыз оңалтудан өту, тренажерлармен емделу немесе психологиялық көмек ала алады.
«Біз, жас, белсенді, жігерлі мүмкіндіктері шектеулі жандар және церебралды сал ауруына шалдыққан балалардың отбасылары физикалық және әлеуметтік-психологиялық оңалту мен мүгедектігі бар жандарды қоғамға бейімдеудегі қиындықтарды жеңу үшін бас қостық», — дейді Ербол өзінің жобасы туралы.
Біздің елімізде мүгедектігі бар жандар жиі қиындықтарға тап болып отырады. Бұл пандустардың немесе лифттердің жоқтығы ғана емес, сонымен қатар қоғамның өздерін қабылдамауы.
«Мүгедектігі бар жандар қоғамнан ұзақ уақыт бойы оқшауланды, бүгінде олармен кездесу қарапайым адамдар үшін шок сияқты. Адамдар мүгедектігі бар жандарды көрсе ұзақ уақыт таңданып, қызығушылықпен қарай бастайды. Бұл адамдар арасында өзіндік «зообақ» іспеттес сезім туындатады.
Бірақ мұндай «өзгеше» адамдардан оқшаулану дені сау қоғам үшін пайдасы болған жоқ. Бізде мүгедектігі бар жандарға қатысты білім мен мінез-құлық мәдениеті мүлдем жоқ.
Сондықтан кез-келген адамның әлеуметтік бейімделу мәселелерін сау адамдардан, өзіңізден және дәл қазірден бастауға тура келеді. Мұндай жағдайлар бар кезде, ешқандай пандустар, көтергіштер, ұстағыштар мен лифттер қарапайым жандар мен мүгедектігі бар жандар, қалыпты және шектеулі мүмкіндік арасындағы алшақтықты азайтпайды», — дейді Ербол.
Сонымен қатар Қазақстандағы мүгедектігі бар жандар жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болады. Көптеген жұмыс берушілер тіпті мемлекет тарапынан берілетін айтарлықтай артықшылықтарға қарамастан мүгедектермен қарым-қатынас жасауды қаламайды.
Ербол мұндай адамдарға өз орталығында жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Ол кейбір жағдайларда мүгедектігі бар жандарды жұмысқа алудың тиімді екеніне сенімді, өйткені олар өз орындарын бағалайды және көптеген сау адамдарға қарағанда әлдеқайда жақсы және жауапкершілікпен жұмыс істейді.
«Өкінішке орай біздің қоғамда «мүгедектігі бар жандар проблемалары» деген стереотип қалыптасқан. Олар үшін қысқа жұмыс күнін белгілеу қажет, денсаулықтарына сәйкес шектеулер қою, жұмыс орындарын, дәретхананы, мүгедектігі бар жандарға арналған автотұрақты, пандусты жабдықтау қажет деген тәрізді түсініктер жетерлік.
Проблемалардың көпшілігі дәл осы қарым-қатынастан туындайды. Біз кедергісіз орта туралы көп айтамыз, бірақ шынымызды айтайық: ол кедергісіз орта іс жүзінде жоқ! Егер қаланың орталығында барлық жерлерге әдемі пандустар орнатылса, бұл мәселе шешілді дегенді білдірмейді, — деп шағымданды алматылық тұрғын.
Қазір әлеуметтік орталықта 25 адам ем қабылдап жатыр. Алайда кезекте оңалту курсынан өтуді қалайтын ондаған адамдар тұр.
«Орталықта біз өзін-өзі бағалауды арттыру және жігерлендіру үшін психологпен жеке әңгімелесу мен топтық сабақтар өткіземіз, бұл мүгедектігі бар адамның эмоционалды күйі үшін өте маңызды. Біз жиі серуендеуге, түрлі іс-шараларға барамыз, жаттықтырушымен парабилер өткіземіз.
Біз өзімізді толыққанды азаматпыз деп санаймыз және ел мен қоғамға пайда әкелуге дайынбыз. Бізді қара тізімге енгізу дұрыс емес, өйткені біздің денсаулығымыз қалпына келіп қатарға қосыла аламыз, бізге тек сапалы және дұрыс оңалту керек.
Орталығымызды кеңейтсек бізде қаншама жандарға көмек көрсетуге мүмкіндік туар еді. Үй-жай тек 30 адамды қабылдай алса, ондаған тілек білдірушілер кезекте тұр. Сонымен қатар біздің орталыққа сауықтыруға арналған жаттығу құралдары, медициналық жабдық, жиһаз және тұрмыстық техника қажет», — деп түйіндейді Ербол.
Белсенділер үш маңызды жаттығу құралын сатып алуға краудфандинг жинау туралы жариялады. Орталыққа көмек қолын созғысы келетін жандар үшін деректемелер көрсетілген.